Главная » Статьи » Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы

Баяндамалар, есептер

Я являюсь представителем... — Ә. Н. Бөкейханның Ресейдің жергілікті және қалалық қоғам қайраткерлері съезінде (съезд земских и городских деятелей России — Земгорсоюз) сөйлеген сөзі. Съезде Әлихан Земгорсоюздың мүшесі болып сайланған. Съезд 1905 жылы қарашаның 5—10 күндері аралығында Мәскеу қаласында өтеді. Әлихан сөзінің үзіндісі «Семипалатинский листок» (Семей) газетінің 1905 жылғы 8 желтоқсан нөмірінде қысқартылып жарияланған. Жинаққа газеттен алынып беріліп отыр.

Открытое письмо киргизам Семипалатинской об­ласти — Бұл хатты міржақыптанушы Марат Әбсеметов ұсынды. Хат «Голос степи» (Омбы) газетінің 1907 жылы 13 қаңтар күнгі 7 санында жарияланған.

Күнбатыс майданынан (I—II бөлімдері) — Әлиханның Күнбатыс майданында әскери қызметте жүрген қазақ азаматтарының тұрмыс жағдайын бақылап, салып тұрған есеп-хаттары. І-інші хат «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 215-інші, ІІ - хат — 216 сандарында жарияланған. Екі хатқа да «Ғали хан» деп қол қойылған.

Доклад — Бұ да «Қазақтың» 1917 жылғы 219—220 сандарында жарияланған. Бұл күнбатыс майданын­да әскери қызметте жүрген қазақ жастарының тұрмыс,   хал-жағдайы   жайындағы   «докладты» Әлихан Минскідегі Земгор комитетінің алдында, кейін оның Мәскеулік Орталық комитетінің алдында жасаған. Әлихан кезінде Земгорсоюздың 1905 жылы Мәскеуде өткен съезіне Омбы облысынан өкіл болып сайланып барып қатынасқан. Съезде ол Ресейлік Земгор одағының мүшесі болып сайланған.

Күнбатыс майдынан. Телеграм — «Казақтың» 1917 жылғы 216 санында жарияланған. Бұл күнбатыс майданындағы Земгорсоюздың қарамағынан «бұратана бөлімін» ашқаны туралы «сүйінші» телеграм.

Памятка — мұның түпнұсқасы ҚР Орталық Мемлекеттік архивтің қорында сақтаулы — 17 қор, 1 - тізбек, 21 іс, 1 парақ. «Памятканың» авторы — Уақытша үкіметтің Торгай облыстық комиссары Ә. Н. Бөкейхан.

Мен кадет партиясынан неге шықтым? — 1918 жылы «Сарыарқа» газетінің (Семей) 25 қаңтар күнгі 29 санында жарық көрген. 1992 жылы «Ана тілі» газетінде қайта жарияланды. (С. Аққұлыұлы, Д. Қамзабекұлы. «Алаш үні «Сарыарқа». Ана тілі, 03.02.1992 ж.)

Жалпы Сібір сиезі — Бұл да «Сарыарқа» бетінде «Қыр баласы» деген бүркеншек есіммен 1917 жылғы 31 қазан және 12 желтоқсан күнгі 18 және 24 сандарында жарияланған-ды. Мақала Том қаласында өткен орыстың саяси қайраткерлерінің мәжілісінен кейінгі есеп негізінде жазылған.

 

Азанамалар

 

Кәкітай — Абайдың інісі, Ысқақ ұлы Кәкітайдың дүние салуына көңіл айтып жазған мақаласы. Әлихан Кәкітаймен ертеректен достық қарым-қатынаста болған. 1906 жылы Әлиханның 1-Мемлекеттік Думаға депутат болып сайлануына арналған салтанатты кеште Кәкітай орысша құттықтау сөз сөйлеп, қазақ-орыс достығы, ынтымақтастығы үшін тос көтерткен. 1908 жылы Әлихан Семей түрмесінде отырғанда Кәкітай жолдастарымен жиі келіп көрісіп тұрған екен. Мақала «Қазақ» бетінде 1915 жылы № 105 санында басылған.

Вернер К. А. — А. Н. Букейхан. К. А. Вернер (не­кролог). Известия Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О., 1904 год. Омск. Константин Антонович Вернер қазақтың көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылығына шынайы сипаттама бере алған түңғыш орыс ғалымдарының бірі. Ә. Н. Букейханмен орыс жағрафия қоғамының Батыс-Сібір бөлімінде көп жылдар бірге жұмыс істеген.

Обнинский В. П. — «Ғали хан» деген есіммен «Қазақ» газетінің 1916 жылғы 175 санында жариялаған. В. П. Обнинский Әлиханның кадет партиясы қатарындағы сыбайласы болған. Ол Ресейдің барлық халықтарының тізгінін өз қолдарына беру керек деп санаған және кадет партиясының осы пікірді ұстаган фракциясының жетекшісі болған. Оның ойынша әрбір халық Америка Құрама Штаттары сияқты өз конституциясы, өз парламенті және басқа барлық егеменділік қасиеттері болу керек...

Категория: Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы | Добавил: Formula (21.04.2016)
Просмотров: 1163 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar