Главная » Статьи » Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы

Әдеби-сын зерттеулер

Абай (Ибрагим) Кунанбаев — мүнәһиб-мақала алдымен Семейдің «Семипалатинский листок» газетінде 1905 жылы 25, 26 , 27 қараша күнгі 250—252 сандарында жарияланады. Келесі жылы Семейлік «Семипалатинские областные ведомости» газетінде (1906 жыл, №?) қайта басылады. Соңғы нұсқасы 1907 жылы «Записки Семипалатинского подотдела Западно-Сибирского отдела И.Р.Г.О.» атты кітабында жарияланады. Мақаланың қазақ тіліндегі аудармасы (Аударған Тұрсын Жұртбаев) «Жұлдыз» журналының 1991 жылғы 9 санында басылды. Соңғы рет 1993 жылы қайта жанғырып шыққан «Абай» журналының №2 жарияланды.

Қара қыпшак Қобыланды — «Қазақ» газеті (Орынбор) бетінде 1915 жылы 126—129 сандарында «Қыр баласы» деген бүркеншек атпен жарияланған. Кейін 1992 жылы «Ана тілінде» қайта басылды (дайындаған С.Аққұлыұлы). Сын мақалада Махмұд-Сұлтан Тұяқбаевтың дайындауымен 1914 жылы Қазанда жарық көрген «Қара қыпшақ Қобыланды» эпосы қарастырылады.

Женщина по киргизской былине «Кобланды» — Түркістан генерал-губернаторлығы жанынан шығып тұрған «Туркестанские ведомости» (қазақшасы «Туркістан уалаяты» деп аталған) газетінің 1899 жылы 9, 20 мамыр және 3 маусым күндеріндегі сандарынан жарық көрген. Мақала «Туземец» деген жасырын есіммен жарияланған. Мақалада «Қобыланды» жырының басқа нұсқасы қаралады.

Батыр Бекет — Әбубәкір Диваевтың жинап 1922 жылы Ташкент қаласында бастырған «Батыр Бекет» кітабына рецензия. Мақала «Қыр баласы» деген жасырын есіммен Мәскеуде үш нөмірі шығып жабылып қалған «Темірқазық» журналының (шығарушысы Нәзір Төреқұлұлы) № 1 жарияланған (1923 жыл).

Мырза Едіге — Бұ да «Темірқазықтың» 1 санында «Қыр баласы» деп берілген. 1922 жылы Ташкент қаласында жарық көрген Әбүбәкір Диваевтың «Мырза Едіге» атты жырына жазылған рецензия.

Роман деген не? — «Қазақ» газетінде 1914 жылы 48 нөмірінде «Арыс ұлы» деген бүркеншек атпен жарияланған. Сыни мақалада Міржақып Дулатұлы жазған қазақтың түңғыш романы «Бақытсыз Жамал» қаралады.

Ән, өлең һәм оның құралы — «Қазақ», 1914 жыл, 67 сан. Мақаланы жариялаған «Арыс ұлы».

Түрік, қырғыз, қазақ һәм ханлар шежіресі — «Қазақ», 1913 жыл, №12. Сыни мақалада Шәкерім Құдайбердіұлының «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хан­лар шежіресі» атты ғылыми еңбегі қаралады. О киргизских поминках — Ғасыр басында Омбы қаласында шығып тұрған «Киргизская Степная газетасының» 1900 жылғы 20 ақпан күнгі 7 нөмірінде жарияланған. Мақала «Туркестанские ведомости» газетінен алынып басылған Нұржанұлы деген автордың мақаласына жауап ретінде жазылып, өз есімімен қол қойған.

Аңқау елге — арамза молла — Бұ да «Киргизская Степная...» газетіне қосымша есебінде 1888—1902 жылдар аралығында шығып тұрған «Дала уалаяты» атты тұңғыш қазақ газетінің 1900 жылғы 20 және 27 ақпан күндеріндегі 7—8 сандарында жария­ланған. Мақалаға «Әлихан Бөкейхан» деп қол қойылған.

Категория: Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы | Добавил: Formula (21.04.2016)
Просмотров: 1571 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar