Главная » Статьи » Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы

І. Іргелі зерттеулер

Истрические судьбы Киргизского края и культурные его успехи – Бұл еңбек «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» - деген жалпы атаумен күнделікті өмірде пайдалануға және саяхатшыларға арналған көптомдық кітаптың «Киргизский край» атты ХVІІ томында 1903 жылы Санкт-Петербургте А. Ф. Девриеннің жеке меншікті баспаханасынан жарыққа шыққан. Монографияның жазылуына орыс зарттеушілері А. Н. Сидельников пен С. Д. Чадова қатынасқан. Еңбекте Қазақстанның сол дәуірдегі Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарының тас дәуірінен бергі тарихы қарастырылып, 10 сурет, 2 кесте, 1 карта берілген. Еңбек еш жерде қайта басылмаған.

Киргизы (Казахи) — Тұңғыш рет құрастырушы-редактор И. А. Костелянскийдің «Формы нацио­нального движения в современных государствах» атты жинағы ішінде 1910 жылы Санкт-Петербургте жарияланған. Арада 75 жыл өткен соң, 1985 жылы Англияның Оксфорд университеті қарамағьндағы Орта Азияны зерттеу қоғамының ғалымдары дайындаған «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы. Ә. Бөкейхан, М. Дулатов, А. Байтұрсынұлы, Т. Рысқұлұлы» атты репринтті басылымымен қайта жарық көрген (№ 5 репринтті басылым, Оксфорд, Англия. 1985 жыл). Жинаққа монографияның ағылшындар жариялаған нұсқасы кіргізіліп отыр.

Материалы к истории султана Кенесары Касымова — профессор Поливанов пен доктор X. Досмұхамедұлының редакциялауымен 1923 жылы Ташкент қаласында басылып шыққан. Кітапшаны Ә. Н. Бөкейхан «К. Степняк» («Киргиз-Степняк») — деген бүркеншек есімімен, әкесі — Нұрмұхамедке (елдегі аты-жөні Мұқан) арнаған. 1916—1926 — орыстық сол кездегі белгілі тарихшы ғалымы, профессор Шестаковпен бірге жазған. Тарихи дерек-айғақтарға сүйеніп жазылған қысқа монография 1926 жылы, яғни 1916 жылғы қазақ халқы көтерілісінің 10 жылдық мерейтойы қарсаңында КСРО халықтарының Кіндік баспасынан жарық көрген. Кезінде Ә. Н. Бөкейхан қазақ халқының осы «25 июнь жарлығы» тұтатқан қарулы көтерілісіне түбегейлі қарсы болып, халықты босқа қан төгуден бас тартуға үгіттеген, қуаты күшті Ресей империясына қарсы ашықтан-ашық қарулы көтерілістің, әлі ерте екендігін түсіндіріп баққан. 10 жыл өткен соң ол қазақтық қарулы көтерілісінің 1917 жылғы Ақпан төңкерісіне, сондай-ақ кешегі Ресей империясының басқа бұратана халықтарының бостандығы үшін күресіне дем бергендігін көрсете отырып, оған жоғары саяси баға береді. Бұл 1916 жылғы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы туралы жазылған тұңғыш ғылыми еңбек. Соңғы рет «Қазақ әдебиетінің» 1990 жылғы 3 тамыз күнгі санында және «Қырғызстан мәдениетінде» (№?) жарияланды.

Павлодарский уезд — Төңкеріске дейінгі Семей облысының Павлодар үйезін Ф. А. Щербина бастаған ғылыми экспедиция (кейін бұл ғылыми-зерттеу жұмыстары «Щербина Экспедициясы» аталып кеткен) 1897 жылдың екінші жартысында зерттеген. Зерттеушілердің Ә. Н. Бөкейхан бастаған ғылыми тобы Павлодар үйезінің Алтыбай және Қызылтау болыстарына жасақталған болатынды. Ғылыми жұмыстардан кейін Ә. Н. Бөкейхан Павлодар уезі қазақтарының шежіресін, уездің қоныстану тари­хын және өзі зерттеп шыққан Алтыбай мен Қызылтау болыстары шаруашылығының ғылыми сипаттамасын жазып, өңдеп, баспаға дайындап берген. Соның нәтижесінде Щербина Экспедициясы «Материалдарының» Павлодар үезіне қатысты ІҮ томы құрастырылып, 1903 жылы Воронеж қаласынан жарық көрген.

Каркаралинский уезд — Ф. А. Щербина экспедициясының Ә. Н. Бөкейхан, И.Ф. Гусев және Л. К. Чермак бастаған жеке-жеке үш ғылыми тобы (партиясы) Семей облысы Карқаралы уезінің 12 болысы мен Шу өзені маңайын мекендеген, егін шаруашылығымен шұғылданатын отырықшы қазақтарын 1898 жылы, келесі жылы қалған екі — Дегелі мен Абралы болыстарын зерттеп шығады. Қорыта келгенде үйездегі 21 болыстың 16-сы толық, Шу мен Мойынты болыстары жартылай зерттеліп, 19 мың 16 шаруашылық немесе үйезді мекендеген халықтың 67 проценті қамтылады. Зерттеу жұмыстарынан кейін жиналған материалдарды Ә. Бөкейхан, И. Гусев және Л. Чермак тәртіптеп, қорытындылап, бірге баспаға дайындаған. Нәтижесінде «Семей облысы. Қарқаралы үйезі» де­ген тақырыппен Щербина экспедициясы «Материалдарының...» ҮІ томы ретінде 1905 жылы Санкт-Петербург қаласынан жарық көрген. ҮІ-томның «Кіріспе сөзін» жазған Л. Чермактың «В об­работке материалов принимали участие А. Н. Букейхан, И. Ф. Гусев и я. Первому принадлежит составление примечаний к общинно-аульным груп­пам, родовые схемы, установление естественно-ис­торических районов и описание их, составление таблицы перекочевок и составление алфавитного указателя киргизских (казахских) слов, вошедших в «Примечания». Им же... составлена карта кир­гизского (казахского) землепользования»— деген жолдарынан кейін, кітапқа енген жұмыстардың басым көпшілігін, негізгісін Әлихан Бөкейхан жазғандығына күмән жоқ.

Овцеводство в Степном крае — 1903 жылы Сібір теміржолы бойындағы Челябі және Том (Томск) қалалары аралығында Сергей Порфириевич Шве­цов жетекшілік еткен экономикалық экспедиция ғылыми жұмыс атқарған. Ә.Н. Бөкейхан басы-қасында болған бұл Экспедиция Сібір теміржолы басқармасының қаржысына ұйымдастырылған болатынды. Ал оның мақсаты сол маңайды мекен­деген қазақ жұртының шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын экономикалық тиімділігі тұрғысынан зерттеу еді. Экспедиция қорытындылары 3 том болып «Материалы по эко­номическому обследованию районов Сибирской же­лезной дороги» (ред. С. П. Швецов) — деген жалпы тақырыппен 1904 жылы Том қаласынан жарыққа шығады. Ә. Н. Бөкейханның монографиясы «Животноводство» атты 1-том­ный; 1-кітабында жарияланған.

Казаки (Казахи) Адаевского уезда — КСРО Ғылым Академиясы ұйымдастырған Қазақстан экспедициясының антропологаялық тобы жұмыстарынан кейін дайындалған «Казаки. Антропологические очерки» атты мақалалар жинағымен 1927 жылы Ленинградтағы академия баспасынан жарыққа шыққан. 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының Төралқасы Ә. Н. Бөкейханды одақтас және автономиялы   республикаларды  зерттеу   мақсатында құрылған Төтенше комитеті (Особый Комитет) құрамына тұрақты сарапшы (постоянный эксперт) қызметіне шақырған. 1926—1927 жылдары ол қазіргі Атырау, Маңғыстау, Орал облыстарының кейбір аудандарында жүргізілген антропологиялық және тағы басқа зерттеу жұмыстарын атқарған. «Адай үйезінің қазақтары» — экспедиция соңынан жазылған ғылыми еңбектердің бірі.

 

Категория: Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы | Добавил: Formula (21.04.2016)
Просмотров: 143 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar