Главная » Статьи » Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы

«Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы» атты жинаққа түсініктер

Ә. Н. Бөкейхан — кейінге қалдырған ғылыми еңбектерін қазақ және орыс тілдерінде қатар жазған ғұлама ғалым әрі қалам шебері. Дегенмен де, оның орыс тілінде жазып қалдырған туындылары саны жағынан да, жалпы көлемі жағынанда басымырақ. Оның үстіне, ең көлемді де аса құнды деген ғылыми шығармалары да орыс тілінде жарияланған. Қайраткердің орыс тіліндегі дүниелерінің тіл, стильдік ерекшеліктері мен шеберлігін сақтау мақсатында тәржімелемей қаз-қалпында ұсынылған. Оның ана тіліндегі жазған көсемсөздік еңбектері, әдеби-сын мақалалары орыс тіліндегі осы тақылеттес шығармаларына қарағанда шағындау және кешірек жарық көре бастағанды. Олар төңкеріске дейінгі «Дала уалаяты», «Фікір», «Уақыт», «Айқап», «Қазақстан», «Қазақ», «Сарыарқа», сияқты газет-журналдарға, Кеңес дәуіріндегі «Жаңа мектеп», «Темірқазық», «Әйел теңдігі», «Жас қазақ», «Жаңа әдебиет», «Жас азамат» «Еңбекші қазақ», «Бостандық туы», «Теңдік», «Кедей сөзі», «Қызыл Қазақстан», «Ақ жол» секілді мерзімді басьлымдарға жарияланып тұрған. Әлихан Бөкейханның қазақ тілінде жарияланған туындыларын іздестіру барысында қаламгер қолданған бүркеншек аттар бізді мұраға аса тыңғылықты қарауға мәжбүр етті. Біз оның орысша мақалаларында қолданған «А.Б.», «Туземец», «Кир­гиз», «Киргиз-степняк», немесе қысқаша «К. Степ­няк», «Сын степей», «Статистик», және «V» тәрізді жасырын аттарын, ана тіліндегі көсемсөз-мақалаларында пайдаланған «Қыр баласы», «Ғали хан»(немесе Әли хан), «Қ.Б.» және «Ғ.Б.»-деген бүркеншек есімдерін білетінбіз. Ізденіс үстінде оньң тағы басқа әдеби жасырын аттары барлығы анықталды. Мәселен, марқұм Райымжан Әзіханүлы Бөкейхан мен 1973 жылы «Қазақтың ғасыр басындағы экономикалық және саяси-қоғамдық ой-пікірі — деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған экономист Мұхамбетқали Жақсалиевтің   айтуына   қарағанда,   Әлекеңнің Кеңес дәуіріндегі қазақ газеттеріне «Қалмақбай», орыс газеттеріне «Н.Ш.» деген бүркеншек есімдермен мақала жариялап тұрған. «Калмақбай» деп қол қойған мақаласы әзірше «Жас азамат» газеті бетінен ғана табылды. Ол мақала «Саяси әңгіме» деген тақырыппен газеттің 1919 жылы 8 ақпан күнгі 22 санында жарық көрген. Соңғы күндері «Қазақ» бетінде оқта-текте ұшырасып қалатын «Арыс ұлы» деген ат Әлекеңнің жасырын аты екендігі анықталып отыр. 1991 жылы жарық көрген «Міржақып Дулатов. Шығармалары» атты кітаптың түсініктерін жазған Марат Әбсеметов осы соңғы есімді ешбір дәлел келтірмей Ахмет Байтұрсынұлының бүркеншек есімі деген пікір айтқанды.  Бұл мақалалардың Ә.Н. Бөкейхандікі екенін анықтап, «Арыс ұлының» «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 48 нөмірінде жарияланған «Ән, өлең һәм оның құралы» атты және сол жылдың 67 санында жарық көрген «Роман деген не?» деген тақырыптағы мақалалары бар. Мақаланың Ахаңдікі еместігіне бір ғана дәлел айтуға болады: «Арыс ұлының» «Роман деген не?» мақаласында «роман» деп қарастырылған Міржақыптың «Бақытсыз Жамалын» Ахаң 1926 жылы басылған «Әдебиет танытқыш» атты кітабында романға жатқызбайды: «Ұлы әңгіме түрінде басылған шығарма әлі жоқ. Міржақыптың «Бақытсыз Жамалына» роман (ұлы әңгіме) деп ат қойса да, өресі мен өрісі шағын болғандықтан о да ұлы әңгіме емес, ұзақ әңгімеге жақын. «Арыс ұлының» роман ретінде қарастырып отырған Дулатұлының «Бақытсыз Жамалын» Ахмет Байтұрсынұлы «ұзақ әңгіме» деп бағалайды. Ал, Әлихан Бөкейхан «Қазақ» бетінде жарияланған «Роман бәйгесі» атты мақаласында «Міржақып ро­маны «Бақытсыз Жамал» кішкентай ғана кітап. Мен мұны «Казақ»-қа сын жазбақ болып қолға алып едім. Екі жұма отырдым. Бұл менің бұрын қылмаған ісім еді. Содан ба, жоқ, сын өнері менде жоқтықтан ба, оны оқушылар білер»,— деп кітапқа сын жазғанын білдіреді. Әлекең романды «кішкентай ғана кітап» десе де, роман ретінде қарастырып, сын жазады. Сыни мақала «Қазақ» газетінде «Роман деген не?» деген тақырыпта жарияланады. Мақала «Арыс ұлы» деген бүркеншек есіммен берілген. «Арыс ұлының» Әлекең екендігін текстологиялық салыстыру нәтижесі де дәлелдейді. Есін білгеннен орысша оқыған, өмірінің көп мезгілін орыс зиялылары мен саяси-қоғам қайраткерлері арасында өткізген, еңбектерінің басым көпшілігін орысша жазып-жариялап дағдыланған, ой аңсары, тіл, стиль ерекшеліктері орыс тіліне икемделіп қалыптасқан Әлихан Бөкейханның ана тіліндегі шығармаларында сол орыс тілінің ықпалы тайға таңба басқандай көрінеді. Оның тіл ерекшелігін сол дәуірдегі басқа бірде-бір ақын-жазушының немесе көркемсөз өкілінің тілімен шатастырмайсыз. «Орысша ойлап, қазақша жазатын» Әлекеңнің осы ерекшеліктерін «Арыс ұлының» «Қазақ» бетінде» жарияланған барлық мақалаларынан табылады. Әлиханның «Қыр баласы» деген жасырын есімі ешбір талас тудырмаса керек. Сорбонна университетінің ғалымдары Александр Беннигсен мен Шантал Лемерсье-Келькежей «Пресса и национальное движение среди мусульман России до 1920 года»  атты ғылыми зерттеуінде «Он (Ә. Бөкейхан) под­писывал псевдонимом «Қыр баласы» статьи о пре­подавании, а также о казахской народной литературе»— деп ойымызды қоштайды. Әлекеңнің келесі жасырын аты — «V». Бұл таңбаны кейбір зерттеушілер «5» — деген рим цифрының белгісі деп қателесіп жүр. Таңбаның рәмізге, рәміздің таңбаға айнала беруі әлімсақтан келе жатқан салт болса, «V» таңбасын, яғни ежелгі гректің «Виктория» (қазақша—«жеңіс») деген мағынадығы сөзінің бастапқы әрпін, сұқ саусақ пен ортаңғы саусақты көтеру арқылы Еуропаның Франция, Испания сияқты елдері мен ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен Таяу Шығыс жұртшылығы (мысалға Палестина) өз күресінің түпкілікті мақсатын көрсеткен.

Мақсаты — жеңіс. Қазақ ұғымында айтсақ, ол елдерде «V» жеңістің ұранына, символына айналған белгі. Ә. Н. Бөкейхан қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрестің түбі жеңетініне кәміл сеніп, осы «V» белгісін пайдаланды деуге негіз бар. Шынтуайтына келгенде ол халқымыздың ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі еді. Сондықтан оптимистік ұран қашанда көсемге жарасқан. «Выборг үндеуіне» қол қойғаны үшін жазаға тартылып, 1908 жылдың қаңтар-наурыз айларында Семей түрмесінде отырып, патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлау саясатын әшкерелеп ірі-ірі мақалалар жазған. Мақалалар Ресей империясының астанасы — Санкт-Петербургте шығып тұрған «Сибирские вопросы» журналының 1908—1909-жылдардығы сандарында осы «V»-деген белгімен және «Статистик» деген бүркеншек есіммен жариялайды. Мұны Әлекеңнің өзі «Қазақ» пен «Айқап» беттерінен алма-кезек жарық көрген «Он төрт тоғыз бола ма?» атты мақаласында хабарлайды: «...мен абақтыда жатып қазақ жері туралы жазған мақалаларым «Сибирские вопросы» деген орыс журналының мына нөмірлерінде:16—17, 18, 21 — 22, 27—28, 33—34, 35—36, 37—38, 45—46, 47— 48, 1908 жылғы, V-деп қол қойған. Орысша білетінің оқып қара».

Әлихан Бөкейханның тоқтала кететін тағы бір бүркеншек есімі «К.Степняк». Осы есіммен ол про­фессор Поливанов пен доктор Х. Досмұхамедовтың редакторлығымен «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» — деген кітап шығарады. Кітап 1923 жылы Ташкент қаласында басылады. Әлекең осы Кенесары-Наурызбай қозғалысына әлденеше рет тоқталып отырған. Мысалға, 1903 жылы жазылған «Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи» атты ғылыми еңбегінде көтерілісті қысқаша сипаттап өтеді. 30-жьшдары К.Е. Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылық академиясында Ә.Н. Бөкейхан пәтерінде жатып оқыған Шәймерден Ғалиев деген ақсақал,— «Әли-аға (Әлихан Бөкейханды елде осылай атаған) елге сирек те болса келе қалғанда, жұрт қуаныштан шулап жиылып қалушы еді. Жиылған жұртқа, әсіресе жастарға ол Кенесары — Наурызбай көтерілісін ұзақ отырып әңгімелеп беруші еді. Көтерілістің мән-жайын, тарихын, оның көздеген мақсатын тәптіштеп түсінідіріп беретін...»— деп еске алады. Осы келтірілген фактыларға сүйенсек, Әлекең Кенесары — Наурызбай қозғалысына көп мән берген, қозғалыстың патша отаршылдары мейлінше бұрмалап келген мән-мағынасын зерттеп ашып, тарихта жазып қалдыруды көздеген. 1923 жылы Ташкентте жарыққа шыққан еңбек соның айғағы. Ал «К. Степняк»— оның төңкеріске дейінгі орыс баспасөздерінде қолданған «Киргиз-степняк» деген бүркеншек есімінің қысқартылған түрі.

 

 

Категория: Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы | Добавил: Formula (21.04.2016)
Просмотров: 180 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar