Главная » Статьи » Ә. Н. Бөкейхан. Таңдамалы |
БӨКЕЙХАНОВ Әлихан Нұрмұхамедұлы (1866, қазіргі Қарағанды обл., Қарқаралы ауд.,— 27.09.1937, Москва)— Қазақстанның қоғам қайраткері ғалым, публицист. Омбы техникалық училищесін (1888), С.-Петербург орман тех. иниститутының экономика факультетін (1894) бітірген. 19 ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысты. Россияның көрнекті экономистері, географтары қатысқан «Россия. Біздің Отанымыздың жалпы географиялық сипаттамасы» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18-томына автор ретінде қатынасты. 1904 ж. қазақ даласына кең қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф. А. Щербина экспедициясының құрамында болды. 1905 ж. бастап Россия конституциялық-демокр. (кадеттер) партиясының мүшесі, оның қазақ бөлімшесін құру мақсатында Оралда, Семейде жиындар өткізген. 1905 ж. Қарқаралыда патша үкіметінің отаршылдық езгісіне қарсы өткен қозғалысқа қатысып, 14 500 адам қол қойған Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. 1905 ж. Семей қазақтарының атынан І-Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды. Патша указымен Думаның таратылуына байланысты оған қарсылық ретінде жазылған Выборг манифесіне қол қояды. Отарлық езгі мен самодержавиелік билікке қарсы бағытталған жұмыстары үшін Семей, Павлодар абақтыларында жатып шыққан. 1905—07 ж. кадет партиясының Омбы губ. комитетінің құрамында болып, «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерінің редакторы қызметін атқарды. 1905—07 жылдардағы бірінші Россиялық революция жеңілгеннен кейін полицияның нұсқауына сәйкес Самара қаласында тұрып, ғылыми-публицистикалық қызметпен айналысты. 1910 ж. А. И. Костелянскийдің редакциялауымен шыққан «Формы национального движения в современных государствах» атты жинағына «Қазақтар» деген ғылыми мақала жазды. 1911—14 жылы «Новый Энциклопедический словарьдың» 4—21 томдарына автор ретінде қатысты. 1913 ж. А. Байтұрсынов, М. Дулатовтармен бірге «Қазақ» газетін шығаруды ұйымдастырып, қазақ халқының саяси сана-сезімін оятуға, олардың арасында оқу-ағарту ісін насихаттауға белсене ат салысып, «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен мақалалар («Думадағы партиялар», 1913 ж., 3 наурыз; «Дума һәм қазақтар», 1913, 23 шілде; «Август Бебель», 1913, 15 тамыз т.б.) жазып тұрды. 1916 жылдьң күзінде кадеттер билігіндегі Бүкілроссиялық Замство одағының бұратана халықтар бөлімінің меңгерушісі болды. 1917 жылғы Февраль буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің құрамына еніп, Торғай обл. комиссары болып бекітілді. 1917 ж. шілдеде Б. кадеттер партиясының жерге меншік түрі, ұлттық суверенитет және дін саясатына байланысты программалық бағытымен келісе алмайтындығы себепті партияның құрамынан шығатынын мәлімдеп, басқа серіктерімен бірге Алаш партиясын құрды. Осы партияның 1917 ж. желтоқсанда болып өткен съезінде Алашорда үкіметінің председателі болып сайланады. Өмірінің осы кезеңінде Бөкейхан большевиктерге қарсы насихат жүргізіп, Колчактың Сібір үкіметімен байланыс жасайды. Қызыл Армия жеңістері Алашорда үкіметін Совет өкіметінің жергілікті органдарымен келісімдер жүргізуге мәжбүр етті. 1919 ж. БОАК-нің бұрынғы алашордашыларға жасаған кешірімінен кейін Бөкейхан қалған өмірін Отанға қызмет етуге арнайды. 1920 ж. қазанда өткен ҚазССР Советтерінің І-Құрылтай съезіне құрметті қонақ ретінде қатысады. Өкінішке орай, оның адал ниетіне күмән келтірушілердің көрсетуімен 1922, 1926 ж. екі рет кінәсіз тұтқындалып, босатылған. Қазақстанда 20-жылдардың басында көрініс тапқан ұлттық интеллигенция өкілдерін қуғындау науқаны кезінде Алаш партиясының басқа да мүшелері сияқты Бөкейханов та қуғынға ұшырады. Ақырында сталиндік репрессияның құрбаны болды. 1989 ж. 16 мамырда ақталды.
Қазақ ССР-і қысқаша энциклопедиясы, Алматы, 1989, 4 т., 658-бет. | |
Просмотров: 866 | |
Всего комментариев: 0 | |